БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІ: ЖАҢАШЫЛ БАСТАМАЛАР МЕН ҚОЛ ЖЕТКІЗІЛГЕН ЖЕТІСТІКТЕР
- author Zhambylokq
- Бүгін, 13:50
- 24
Инфрақұрылымдық даму және жаңа форматтағы мектептер
Өңірде білім беру инфрақұрылымын жаңарту қарқынды жүргізілуде. 2025 жылы 26 білім нысанының құрылысы қолға алынып, оның 14-і пайдалануға берілмек. Қазіргі таңда 3 550 оқушыға арналған 7 мектептің құрылысы толық аяқталды, оның төртеуі «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған. Бұл мектептерде цифрлық зертханалар, STEM-кеңістіктер, шығармашылық алаңдар қарастырылып, оқушының жеке қабілетіне бағытталған оқыту моделі енгізілуде.
Сонымен қатар 1300 мектепті жаңғырту бағдарламасы аясында 10 мектеп жаңартылып, пәндік кабинеттер мен заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Алдағы 2026 жылы тағы 12 білім нысанын іске қосу және 26 мектепті жаңарту жоспарланған.
Жаңашыл білім беру жобалары
Биыл өңірде алғаш рет дарынды ер балаларға арналған әскери мектеп-интернаты ашылмақ. Бұл білім ордасы әскери-патриоттық тәрбиеге, көшбасшылық пен тәртіпке негізделген жаңа форматта жұмыс істейді.
Сонымен қатар «Astana Hub»-пен бірлескен «Бағдарламалау негіздері» онлайн платформасы, «AI-Teacher» және «Smart-Mektep» жобалары жүзеге асырылып, оқушылар ІТ, жасанды интеллект, дрондармен жұмыс істеу бағытында жаңа дағдыларды меңгеруде. Бұл бастамалар білім беру процесін цифрландырудың жаңа кезеңіне жол ашты.
Педагогтер мен оқушылардың жетістіктері
Жамбыл облысында педагогтердің кәсіби әлеуеті жоғары деңгейде қалыптасқан. Қазіргі таңда өңірде «Қазақстанның Еңбек сіңірген ұстазы» атағын алған 7 педагог бар. Биыл облыс мұғалімдері халықаралық және республикалық байқауларда 113 мәрте жеңімпаз атанып, 3 педагог «2025 жылдың үздік педагогі» атанды.
Оқушылардың жетістіктері де айтарлықтай. 2025 жылы жамбылдық оқушылар халықаралық және республикалық олимпиадаларда 464 медаль жеңіп алды, оның 77-сі халықаралық деңгейде. Ғылыми жобалар конкурсында облыс командасы 16-шы жыл қатарынан «Ең үздік команда» атағын сақтап қалды. Ұлттық мониторинг нәтижесінде оқу және математикалық сауаттылық көрсеткіші 6,4 пайызға артты.
Әлеуметтік қолдау және қауіпсіз орта
Облыста оқушылардың әлеуметтік қорғалуына ерекше көңіл бөлінуде. 105 мыңнан астам оқушы толықтай ыстық тамақпен қамтылып, бұл мақсатқа 10,1 млрд теңге бөлінді. Аз қамтылған отбасылардан шыққан 18 200 бала тегін тамақпен, 11 400 оқушы оқу құралдарымен қамтамасыз етілді.
Білім беру ұйымдарының 100 пайызы қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталып, 180 мектеп заманауи аппараттық-бағдарламалық кешендермен қамтылды. 59 мектепте инклюзивті білім беру ресурстық орталықтары ашылып, ерекше білімді қажет ететін 1 300-ден астам бала қолдаумен қамтылды.
Жамбыл облысында білім беру жүйесін жаңғырту бағытындағы жұмыстар нақты нәтижелерін беруде. Инфрақұрылымдық даму, цифрландыру, педагогтерді қолдау, дарынды балаларды дамыту және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру — өңірдің ұзақмерзімді білім стратегиясының негізгі өзегі. Бұл бастамалар сапалы білімге қолжетімділікті арттырып, болашақ ұрпақтың бәсекеге қабілетті болуына берік негіз қалайды.
ТАРАЗДА ТРАМАДОЛДЫҢ ЗАҢСЫЗ АЙНАЛЫМЫ ӘШКЕРЕЛЕНДІ
Ұқсас жаңалықтар
ЖАМБЫЛДЫҚ ЭНЕРГЕТИК ҚАНАТБЕК ЖАМАЛАҚОВ «ЕҢБЕК ДАҢҚЫ» ОРДЕНІМЕН МАРАПАТТАЛДЫ
- авторZhambylokq
- 17 желтоқсан, 2025
ТАРАЗДА «ТӘУЕЛСІЗДІК» МОНУМЕНТІНЕ ГҮЛ ШОҚТАРЫН ҚОЮ РӘСІМІ ӨТТІ
- авторZhambylokq
- 17 желтоқсан, 2025




