ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ФУРМАНОВ АЙНАЛМА КАНАЛЫ 40 ЖЫЛДАН КЕЙІН АЛҒАШ РЕТ МЕХАНИКАЛЫҚ ТАЗАЛАУДАН ӨТТІ
- author Zhambylokq
- Бүгін, 10:03
- 1
Жамбыл облысында Фурманов айналма каналында жүргізілген механикалық тазалау жұмыстары өңірдегі су шаруашылығының тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Аталған канал Қылышбай, Құмөзек, Қарабөгет және Сарыөзек елді мекендерінің бойымен өтеді. Тазалау нәтижесінде каналдың су өткізу қуаты ұлғайып, Түркістан облысының Созақ ауданына су жеткізу тиімділігі жақсарды.
Өткен вегетацияаралық кезеңде экологиялық мақсатта Созақ ауданына Шу өзенінен 1,5 млрд текше метр су жіберілген болатын. Бұл табиғи тепе-теңдікті сақтау мен өңірдегі су тапшылығының алдын алуда маңызды рөл атқарды.
Қазіргі таңда Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында Шу өзенінде реттеуші гидротехникалық құрылыс салу және өзен түбін тазалау жобасы әзірленіп жатыр. Аталған жоба су ресурстарын тиімді басқаруға және алдағы кезеңдерде туындауы мүмкін қауіптердің алдын алуға бағытталған.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, келесі жылға жасалған болжамдарды ескере отырып, облыстағы су шаруашылығы нысандарының барынша дайындығы мен тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету аса маңызды.
Қазіргі жағдайда суару мақсатында да, табиғатты қорғау үшін жүргізілетін су жіберулер кезінде де суды дәл әрі әділ бөлу бұрынғыдан да маңызды болып отыр. Сондықтан барлық құрылыс-монтаждау және тазалау жұмыстарын уақытылы аяқтау қажет, – деді министр.




