Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, интернет арқылы жасалатын қылмыстарға қарсы күресті күшейту мақсатында елімізде нақты шаралар қабылдануда. 2024 жылдың қарашасында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінде Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті құрылып, оның өңірлік басқармалары өз жұмысын бастады.
Жамбыл облысында да интернет-алаяқтықпен күрес бағытында үйлестірушілік шаралар қабылданып, құзырлы органдармен бірлескен отырыстар өткізіліп келеді. Ағымдағы жылдың 10 айында өңірде интернет-алаяқтық фактілері 202,3%-ға өсіп, 213-тен 644 дерекке дейін артқан. Алайда, бұл көрсеткіш ел аумағында да байқалып отырған жалпы тенденция екенін атап өтті департамент өкілдері.
Сонымен қатар, интернет-алаяқтық қылмыстарының ашылу деңгейі айтарлықтай артқан – жалпы ашылу 23,4%-дан 48,1%-ға, ал ауыр санатты істер бойынша 30,2%-дан 68%-ға дейін өскен.
Полиция департаменті облыс прокуратурасымен бірлесіп, «CyberShekteuTaraz» Telegram-ботын іске қосты. Аталған бот арқылы азаматтардан 500-ге жуық жалған сілтемелер мен телефон нөмірлері туралы хабарламалар түскен, олардың басым бөлігі бұғатталды. Сондай-ақ Ұлттық Банкінің «Антифрод-орталығы» арқылы 4115 күмәнді банктік есепшот анықталып, оның 2242-сі бұғатталды.
Интернет және телефон арқылы алаяқтықпен күресте «Қазақтелеком» және ұялы байланыс операторларымен бірлескен шаралар жүргізілуде. Соның нәтижесінде 128 слоттық “СИМ-бокс” құрылғысы табылып, күдікті ұсталды.
2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне жаңа 232-1-бап енгізілді. Онда банктік шоттарды және төлем құралдарын заңсыз ұсыну, беру немесе пайдалану үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Сондай-ақ, 30 қыркүйектен бастап онлайн-қарыздар беру кезінде «салқындату кезеңі» енгізілді, бұл азаматтарды асығыс шешім қабылдаудан және алаяқтық схемалардан қорғауға бағытталған.
2025 жыл ІІМ-де «Профилактика жылы» және «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында аталып өтуде. Осы бағытта облыс көлемінде құқықтық және қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылған:
БАҚ-та 102 жарияланым шықты;
Әлеуметтік желілерде 677 материал жарияланды;
8 LED-экранда, 6 билбордта бейнематериалдар көрсетілуде;
34 700 брошюра таратылды;
Белгілі спортшылар мен блогерлердің қатысуымен 7 үндеу жазылды.
Полиция департаменті азаматтарды өз есепшоттарын бөгде тұлғаларға пайдалануға мүлдем бермеуге, күмәнді сілтемелер мен ұсыныстарға абай болуға шақырады.
Интернет-алаяқтық туралы күдік туған жағдайда азаматтар “Cyberpol” тобына 99-66-07 нөмірі арқылы хабарласа алады.






